Уәкілетті мемлекеттік органдардың өрттің сөнуін қамтамасыз етпеуіне байланысты лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу аяқталып, бірқатар қылмыстық іс сотқа жіберілді.
Резерваттың бас директорының міндетін атқарушы мен Новошулбинск филиалының директоры Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі бойынша (өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу) кінәлі деп танылды. 2024 жылдың мамырында сот үкімімен әрқайсысына 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
2024 жылдың тамыз айында Абай облыстық апелляциялық соты бұл үкімді өзгеріссіз қалдырды, сондай-ақ сотталғандар мен олардың қорғаушыларының шағымдарын қанағаттандырмады.
Қазан айында Семей қаласының №2 соты Резерваттың ақпараттық технологиялар және байланыс бөлімінің бастығын салғырттық фактісі бойынша кінәлі деп таныды. Ол мемлекеттік қызмет пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында 3 жыл мерзімге жұмыс істеу құқығынан айырылып, 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Бородулиха аудандық соты 2024 жылдың қазан айында «Қазақ ормандарды авиациялық қорғау және орман шаруашылығына қызмет көрсету базасы» мекемесінің бас директорының міндетін атқарушыға қатысты үкім шығарды. Ол да мемлекеттік қызметте 2 жыл мерзімге жұмыс істеу құқығынан айырылып, Қылмыстық кодекстің 371-бабының 2-бөлігі бойынша 2 жылға бас бостандығынан айырылды.
Өртке қатысты кінәлілердің барлығына әртүрлі мерзімдерге жаза тағайындалды. Сонымен қатар, Бас прокуратураның бастамасымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің 10 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Қадағалау органдары орман және қоршаған ортаны қорғау ұйымдарының қызметкерлерін әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру мақсатында бірқатар нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізді. Бұл шаралар табиғатты қорғау саласындағы қауіпсіздік пен жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.