Министр наурыз және сәуір айлары әдеттегіден жылы болып, елдің көп бөлігінде жауын-шашын мөлшері артатынын мәлімдеді. Бұл көктемнің ерте келуіне және су тасқыны қаупінің жоғарылауына әсер етеді.
Су тасқыны қаупі жоғары өңірлер қатарына Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары, сондай-ақ Ұлытау және Абай облыстары кіреді.
Орташа қауіп деңгейі Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында тіркелген.
Тасқын қаупі төмен аймақтар – Павлодар, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстары.
«Биыл Қазгидромет алғаш рет әр облыс бойынша егжей-тегжейлі анықтамалар әзірледі. Онда гидрологиялық бекеттер бойынша су деңгейінің ең жоғары көрсеткіштері, ағыс көлемі және қауіп аймағындағы елді мекендер көрсетіліп, су тасқынының болжамды басталу күндері белгіленген. Сонымен қатар, өткен аптадан бастап Қазгидромет апта сайын гидрологиялық болжамдар жариялауда. Егер гидрометеорологиялық жағдай күрт өзгерсе, «Қазгидромет» ескертулерді 2-3 тәулік бұрын хабарлайды», – деді Ерлан Нысанбаев.
Министр ел аумағының 71%-ында қардың әлі де сақталып тұрғанын атап өтті.
Премьер-министр Олжас Бектенов бұл бағытта бірқатар нақты тапсырма жүктеді.
«Су тасқыны кезеңінің басталуына көп уақыт қалған жоқ. Әкімдер бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауы тиіс. Халықты төтенше жағдайлар туралы дер кезінде хабардар ететін барлық жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету қажет. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту маңызды. Төтенше жағдайлар министрлігі тасқынға толық дайын болуы керек. Сондай-ақ, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруді қамтамасыз етсін», – деді Олжас Бектенов.