«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Новороссийск теңіз порты акваториясында халықаралық Каспий құбыр консорциумының аса маңызды инфрақұрылымына бағытталған кезекті мақсатты шабуылға байланысты наразылық білдіреді», – делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, бұл халықаралық құқық нормаларымен қорғалатын азаматтық нысанға қарсы жасалған үшінші агрессиялық әрекет.
«Жаһандық энергетикалық нарықтың жауапты қатысушысы ретінде Қазақстан энергия ресурстарын тұрақты әрі үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етуге ерекше мән береді», – деп атап өтті министрлік.
СІМ КҚК-ның әлемдік энергетикалық жүйенің тұрақтылығын сақтаудағы маңызды рөлін де атап өтті. Мәлімдемеде бұл оқиғаның Қазақстан мен Украина арасындағы екіжақты қатынастарға зиян келтіретін әрекет екені көрсетілген.
«Осы оқиғаны Қазақстан Республикасы мен Украинаның екіжақты қатынастарына залал келтіретін әрекет ретінде бағалаймыз және украин тарапы мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу бойынша нақты шаралар қабылдайтынын күтеміз», – делінген құжатта.





