Кездесу барысында Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы көпқырлы ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Әсіресе, сауда-экономикалық байланыстар, энергетика, өнеркәсіп, цифрландыру және Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға бағытталған инфрақұрылымдық жобаларға ерекше назар аударылды.
Кая Каллас Қазақстанның Еуроодақпен серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған алғашқы елдердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл екіжақты қатынастардың жоғары деңгейін көрсетеді. Сонымен қатар, ол Еурокомиссия мен Қазақстан арасында виза беру тәртібін жеңілдету жөніндегі келісім үдерісінің басталғанын хабарлады.
Президент Тоқаев бұл бастаманы қазақстандықтар жылы қабылдағанын айтып, оның еуропалық елдермен жеке және іскерлік байланыстарды нығайтуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Кездесуде халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасылып, «Орталық Азия – Еуропа Одағы» форматындағы ынтымақтастық жайы да сөз болды. Президент жаһандық тұрақсыздық жағдайында сабыр мен жауапкершіліктің маңызына тоқталып, Қазақстан барлық даулы мәселелерді тек дипломатиялық жолмен шешуді қолдайтынын айтты.