2025 жылғы 30 маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосылу арқылы қайта ұйымдастырылды. Жаңа құрылым «ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі» деп аталады.
«Осыған байланысты Комитет тарапынан бірқатар ұйымдастырушылық, басқарушылық және практикалық іс-шаралар қолға алынуда. Құқықтар мен міндеттемелердің құқықтық мирасқорлығын рәсімдеу процесі аяқталғанға дейін қайта ұйымдастырылған ведомство өз жұмысын бұрынғы режимде жалғастырады», – делінген ҰҚК таратқан ресми хабарламада.
Жаңа ведомство сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті ұлттық қауіпсіздік деңгейінде күшейтуге бағытталған. Комитет бұл өзгерістер сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігін арттырып, оның алдын алу мен тергеу сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді деп атап өтті.