«Ядролық кластер құру үшін, мен қателескен жоқпын, шынында да кемінде үш АЭС қажет. Біз бұл ұстанымнан шыға отырып, Энергетика министрлігінде стратегиялық жоспарды дайындау барысында әрекет етеміз. Бірақ оны үкімет бекітуі керек. Біз кемінде үш атом станциясын салу қажеттілігін айтамыз», – деді Сәтқалиев сәрсенбі күні энергетика министрлігінде өткен брифингте.
Министрдің айтуынша, үшінші АЭС-тің құрылыс алаңы жалпы атом станцияларын орналастыру жоспарына сәйкес анықталады. Ал екінші және үшінші АЭС-тің орналасатын орындары 2025 жылдың екінші тоқсанында белгіленбек.
«Яғни, алдымен біреуін жоспарлап, кейін екіншісін салуға болмайды. Неге? Себебі ең алдымен желілердің конфигурациясын, қуат беру сызбасын, мемлекетаралық электр ағындарын, яғни желілердің кернеуін, қосалқы станциялардың құрылысын, алыс қашықтыққа энергияны жеткізу үшін тұрақты ток технологияларын пайдалану мүмкіндігін түсіну керек. Бұл кешенді құжат жақын арада дайындалады. Біз оны екінші тоқсанда үкіметке ұсынамыз», – деп түсіндірді министр.
Еске сала кетейік, 28 қаңтарда үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы АЭС құрылысын жеделдетуді және ядролық кластер құруды бастауды тапсырған болатын.