Тұрғындар мұндай қағаздардың жиілеп кеткенін айтып, наразылықтарын білдіруде.
Тұрғындар жарнаманың ашықтан-ашық қабырғаларға ілініп, жастарды қызықтыру мақсатында жоғары жалақы жазылғанын айтып, шағымданып жатыр. Жарнама беттеріндегі жазу Telegram желісіне сілтейді. Осы жерден жұмыс табуға, есірткі сатып алуға болатын көрінеді.
«Талғар қаласында осы жарнаманы әр жерден көреміз. Көрген жерден жұлып алып, қоқыс жәшігіне тастауға тырысамын. Күні кеше мектептің алдына іліп жатқанын көріп қалдым, сол бетте жергілікті полицияға хабарлағанша, олар қашып кетті. Қарап отырсақ, мұндай жарнама жастар көп жүретін жерлерде ілінеді. Жалақысы да жоғары екен. Жастар осыған қызығып, жетегіне еріп кете ме деген қорқыныш басым», – дейді Дмитрий Носик есімді қала тұрғыны.
Аталған жағдайға байланысты Алматы облысының полиция департаменті пікір білдірді.
«Полиция есірткінің таралуы туралы ақпаратты қамтитын сайттарды, жазбаларды, блогтарды және жарнамаларды анықтау үшін интернет кеңістігіне мониторинг жүргізіп, бұл сайттарда есірткі жасырушыларды жұмысқа тарту ұсынысы болғаны тексеріледі. Жан-жақты тексеруден кейін расталған жағдайда, олар дереу жойылады», – дейді Алматы облысының полиция департаментінде.