Өңір басшысының мәліметінше, Алматы облысы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі бойынша 12 пайыздық үлеспен екінші орында тұр. Бірінші орында – Түркістан облысы.
«Жүгері, ет өндіру, құс басының саны бойынша республикада алдыңғы орында, күріш, соя, картоп, жеміс-жидек және жүзім өндіруден – екінші, қой мен ешкі санынан – үшінші орындамыз. Бұл экспорттық әлеуетті арттыруға зор мүмкіндік беріп отыр. Қазірдің өзінде Таяу Шығыс, Еуропа және Орталық және Шығыс Азия елдерімен қарым-қатынас белсенді жүргізіліп жатыр», – деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Алайда, облыс басшысы осы саланы дамытуда мәселе туындап отырғанын да атап өтті.
«Мәселен, 2022 жылы ауылшаруашылық өнімінің нақты көлем индексі небәрі 100,1%-ды құрады. Басты себебі – өсімдік шаруашылығы өнімін өндіру төмендеп, индексі 98,3%-ды құрады немесе республикада 17-ші орын болды. Ал, биылғы жылдың бірінші тоқсанында өсім 101,2% немесе 15-ші орындамыз», – деді Марат Сұлтанғазиев.