«Біздің есеп бойынша, биыл халықты қатты отынмен толық қамтамасыз ету үшін 761 мың тонна көмір қажет. Қазіргі таңда облыстағы жағдай бірқалыпты. Қатты отын жеткілікті деңгейде. Барлық жоспар ойдағыдай жүзеге асып жатыр», – деді Дастан Шалтабаев.
Басқарма басшысының ұсынған ресми ақпаратына сүйенсек, Алматы облысына көмір еліміздің үш аймағынан әкелінеді:
1. Абай облысындағы «Қаражыра» кен орны: 2022 жылы бұл жерден 283,1 мың тонна көмір жеткізу жоспарланған.
2. Қарағанды облысы, Нұра ауданындағы «Шұбаркөл» кен орны: биыл 399,7 мың тонна көмір жеткізу жоспарланған.
3. Райымбек ауданындағы «Ойқарағай» кен орны: 78,2 мың тонна көмір әкелу жоспарланған.
«Облыс бойынша 27 көмір тұйығы мен 20 қойма жұмыс істеп тұр. Ал Райымбек ауданында жоғарыда айтқанымыздай, үлкен кен орны бар. Орташа есеппен алғанда өңірге тәулігіне 55 вагон (Қаражыра – 18; Шұбаркөл – 37) немесе 3 795 тонна қатты отын жеткізіледі. Аудан және қала әкімдіктерінің мәліметтеріне қарағанда, көмірдің орташа бағасы 13 000-17 500 теңге аралығында», – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар ол бюджеттік ұйымдар үшін 15,9 млн. литр сұйық отын мен 6000 тонна көмір қажет екенін сөз етті.