«Кез келген нысанды немесе көшені қайта атау ономастика саласын реттейтін заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Ал облыстық комиссия келіп түскен ұсыныстарды қарайды және қорытынды береді. Өз кезегінде оң қорытынды алған ұсыныстар республикалық ономастикалық комиссияның қарауына ұсынылады», – деп атап өтті Алматы облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Жандар Асан.
Басқосуда комиссия қарауына Талғар мен Еңбекшіқазақ аудандарындағы 12 мектеп, Балқаш және Қарасай аудандарындағы саябақтардың атаулары ұсынылды. Сонымен қатар 6 аудандағы 333 көше мен Кеген ауданына қарасты әкімшілік-аумақтық бірлікке қайта атау беру мәселелері қарастырылды.
«Осы ретте айта кетерлігі, Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасы ортақ тарихи сананы қалыптастыру мақсатында «Тарихи тұлғалар», «Тарихи жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдерінің жобасын әзірленді. Бүгінде объектілерге, әкімшілік-аумақтық бірліктерге, олардың құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау кезінде аталған жобадағы атаулар тізбесі басшылыққа алынады», – деп жазды Жандар Асан.
Отырыс қорытындысы бойынша комиссия мүшелері әкімдіктердің бірқатар ұсынысын мақұлдады. Ал талапқа сай келмейтін өтінімдер жан-жақты зерделену үшін кері қайтарылды.