Жоба сүт өндіру саласындағы қазақстан-герман KFM бағдарламасының екінші кезеңі аясында жүзеге асырылып отыр.
Сүт өндіру саласындағы біліктілікті арттыру Алматы облысы, Талғар ауданында орналасқан «Байсерке Агро» оқу ғылыми-өндірістік орталығының базасында жүргізілетін болады. Ол үшін агрохолдинг 30 орындық дайын жатақханасы бар инфрақұрылымды, асхананы, теориядан өту үшін оқу сыныптарын, практикалық дағдыларды алу үшін сауудың заманауи түрлері бар сүт-тауар фермасын қамтамасыз етеді.
Орталықтың жұмысы KFM бағдарламасының жетекшісі Уве Веддигенің басшылығымен жүзеге асырылады.
Жобаның мақсаты – сүт саласында практикалық дағдыларды игеру, шаруа қожалықтарының пайдасын арттыру, қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізу үшін сүт сапасын жақсарту және мемлекеттің сүт импортына тәуелділігін 39%-дан 11%-ға дейін төмендету.
Қазақстандағы KFM бағдарламасының жетекшісі Уве Веддигенің айтуынша жобаның басты мақсаты – келешекте елімізде мамандарды оқытатын халықаралық деңгейдегі тренерлерді дайындап шығару.
«Оқыту сүт өндіру саласының барлық тармағы бойынша жүргізіледі. Ол сиырды емдеу, тамақтандыру, тұяғын тазалау және де басқа жұмыстар» – деді Уве Веддиге.
Орталықтың әлеуетті контингенті – аграрлық университеттердің түлектері мен студенттері, сондай-ақ сүт фермалары мен шаруа қожалықтарының мамандары болады.
Оқыту кадр тапшылығын қысқартуға, жаңа және жұмыс істеп тұрған сүт өндіретін фермаларда мамандардың біліктілігін арттыруға, сондай-ақ сүт өндірісінде жұмыс істеуге жастарды тартуға ықпал етеді.