Баланың ата-анасы Алматы қалалық Балалар жедел медициналық көмек көрсету орталығына жүгінген. Сәбидің анасы баласының қолындағы шынашақтай батареяны кенет аузына салып, жұтып қойғанын айтқан.
«ФГДС зерттеуі бөгде заттың барын көрсетті – асқазанның төменгі жағында шынашақтай кішкене батарейка табылды. Балалар жедел жәрдем бөлімінің дәрігерлері баланың денесінен қауіпті затты шығаруды дереу қолға алды. Себебі, батареяны жұтқан соң, қабыну процесі бірнеше сағат ішінде басталады. Бұл асқазанның немесе өңештің шырышты қабығының күйіп кетуіне, тіпті осы органдардың перфорациясына әкелуі әбден мүмкін», – деп хабарлады қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан.
«Батареяны шығару кезінде ол қайта-қайта өңештің жоғарғы үштен бір бөлігінен, дәл жоғарғы физиологиялық тарылу аймағында сырғып кете берді. Содан біз батареяны жоғарғы үштен бір бөлікке жеткізіп, оның артына Фолей катетерін қоюды шештік. Батарея Дормия кәрзеңкесінің (эндоскопиялық процедуралар кезінде қуыстағы тастар мен түрлі бөгде денелерді алып тастауға арналған құрал) көмегімен алынды. Содан кейін Фолей катетері үрленіп, эндоскоптық түтік және бөгде денені ұстап алған Дормия себетімен бірге асқазан мен өңештен сәтті шығарылды», – деді Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының хирург-эндоскопист дәрігері Мұрат Дүйсебаев.
Осыған орай, хирургиялық ота жасаудың қажеті болмаған.