Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен Тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ, рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандылығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.
1992 жылдың 4 маусымда мемлекеттік рәміздер алғаш рет бекітілді. Бұл тарихи сәт егемен ел үшін мәңгі есте сақталады. Ту, Елтаңба және Әнұран — мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі. Көгілдір түсті Туымыз жаһан жұртына Қазақстан деп аталатын жаңа тәуелсіз елдің бет-бейнесін паш етті. 1992 жылы суретші Шәкен Ниязбеков салған Мемлекеттік Ту бекітілді. Егемен елдің Елтаңбасы — қос сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың ерен еңбегінің нәтижесі. Мемлекеттік рәміздердің бірі — Әнұран. 2006 жылғы қаңтардың 6-да Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні мемлекеттің Әнұраны болып бекітілді.
Отанды қастерлеу, ұлтымыздың рухани құндылықтарын қадірлеу, туған елге деген шынайы құрмет – Мемлекеттік мемлекеттік рәміздерге деген құрмет пен оны мәртебе тұтудан басталады.
Мұндағы мақсат тәуелсіздік символдарының мән-маңызын өскелең ұрпақ санасына сіңіру. Осыны еліміздің әрбір азаматы сезінуі тиіс.