Сапар барысында министр Еңбекшіқазақ ауданындағы «АгроБалтабай» мал бордақылау серіктестігіне барды.
«Бұл серіктестік 2021 жылы құрылған. Біз қазақи тұқымды етті ірі қара малын (ІҚМ) өсіреміз, бордақылап, етті өңдеп, сатумен айналысамыз. Қазіргі таңда 1500 бас ІҚМ бар», – деді мал бордақылау алаңымен таныстырған кәсіпорын басшысы Ислам Хуршудов.
Оның айтуынша, малды жем-шөппен кәсіпорын түгелдей өзі қамтиды. Келесі жылы 400 гектар жерге жүгері егу жоспарланып отыр. Және кәсіпорын егістікті тамшылатып суару құрылғыларымен жабдықтау үшін инвестициялық жоба жасап, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына ұсыныс тастаған.
«Суару құрылғыларымен жабдықтау үшін бізге 800 млн теңге қажет. Қазір бұл мәселе облыстық басқарманың қарауында жатыр. Бұдан бөлек, жергілікті «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан жеңілдетілген несие алуды жоспарлап отырмыз. Жоспар қолдау тауып, жүзеге асса, 1500 бас сиыр сатып алмақ ниеттеміз. Ары қарай қолдау болып жатса, кәсіпорынды үлкейтуге мүмкіндік бар. Ол үшін Аграрлық несие корпорациясынан несие алуымыз керек болады. Бұл ақша ауыр техника алуға жұмсалады», – деді кәсіпорын басшысы.
Өз кезегінде министр облыс басшылығына «АгроБалтабай» серіктестігіне әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация бойынша көмектесуді тапсырды.
«Серіктестіктің даму әлеуеті баршылық. Сондықтан бұл жерге мемлекеттік қолдау қажет. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына корпорация арқылы көмек көрсетуді тапсырамын», – деді Ербол Қарашөкеев.