Жалпы алаңы 320 шаршы метрді құрайтын ғимараттың құрылысы 2022 жылы басталған болатын. Амбулаторияда 2 дәрігер және 5 медицина қызметкері жұмыс істейді.
Жаңа ғимарат стоматологиялық құрылғымен, зертханалық, физиотерапиялық және ЭКГ аппараттарымен жабдықталған. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаеваның айтуынша, емдеу орнында амбулаториялық қызметтен бөлек, жарақат таңу пунктін, шұғыл медициналық көмек көрсету кабинеттерін ашу жоспарланып отыр.
«Кеген ауданында соңғы үш жылда аудандық аурухана ғимараты, Жалаңаш дәрігерлік амбулаториясы, Тоғызбұлақ дәрігерлік амбулаториясы күрделі жөндеуден өткен болатын. Биыл Тасашы дәрігерлік амбулаториясына жөндеу жүргізілді. Алғабас дәрігерлік амбулаториясы ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын», – деді Лейла Серікбаева.
Бұған дейін Алматы облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 2023- 2024 жылдары 38 нысан салынатынын жазғанбыз.