«Қазір біздің мектепте 600-ден астам бала әлеуметтік осал отбасынан шыққан оқушы ретінде тіркеуде тұр. Бір қызығы, кей ата-аналар жауапкершілікті өз мойындарына алғысы келмейді. Керісінше, баласы білім алып жатқан жердегі қызметкерлерге, Білім басқармасына, тағы басқа мекемелерге жүктейді. Бұл – масылдық сананың қоғамға дендеп кіріп алғанының белгісі», – дейді мектеп директоры.
Оның айтуынша, мектеп директорына я басқа да лауазымды қызметкерге қоғамның көзқарасы өзгерген.
«Қазақстанда болып жатқан жағдайдан хабардармыз. Десе де, кей адамдар агрессиясы мен негативін осында келіп, шашып кетеді. Мысалы, мұндай жағдаяттан шығу үшін: «балаңызға не киім бар кигізіп жіберіңіз, бастысы – балаңыздың амандығы және білім алуы»-десек, оны да тыңдағысы келмейді. Мектеп директоры болсақ та, бірінші кезекте біз – адамбыз. Басшылықта отырғандардың да жеке мәселелері болады», – дейді Гүлзат Тағанбайқызы.
Және ол ыстық тамақ беру, киім-кешек әперу, оқу құралдарымен қамтамасыз ету бойынша сұрақтар болмау үшін жақында ғана ата-аналармен жиналыс өткізгенін айтты.
«Кейде мұғалімдер ақша жинап, біреудің жейдесін, біреудің шалбарын түгендеп жатамыз. Дегенмен, масылдық сана – ешкімді алысқа апармайды. Ынтымақты ыдырататын да, бірлікті алатын да – осы», – деп Гүлзат Тағанбайқызы өз сөзін түйіндеді.
Айта кетейік, биыл мектепте 180 бала ыстық тамақпен қамтылады, ал 30 баланы асхананы жалға алушылар тегін тамақтандырады. Осы жаз айларында «Мектепке жол» акциясы бойынша 112 оқушы мектеп формасымен, құрал-жабдықпен қамтамасыз етілді. Мектепте 2115 бала білім алады.