«Өткен жылдағы жылыту маусымы аяқталған соң, жылу жүйесіндегі бірнеше ақаулар анықталды. Және қаланы жылумен қамтамасыз ететін компания өз қаржысына жөндеу жасайтын болып шешілді. Қазіргі таңда қазандықтың 72 жабдығы жөнделіп, қалпына келтірілді. Ал 3 құрылғыға күрделі жөндеу жүргізілді. Оның ішінде, №5 стансаның бу құбыры түгел ауыстырылды», – дейді бөлім басшысы Дархан Қарағонысов.
ТҮКШ маманының мәліметінше, жылу жүйесінің 890 метріне жеңіл, 2580 метріне күрделі жөндеу жасалды. Қаладағы 1, 3, 4, 5, 18 ш/а-ға тартылған желінің бәрі жаңартылды. Және облыс орталығында барлығы 781 642 шаршы метр ауданды құрайтын тұрғын үйлер мен ғимараттар орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Ал оны тұтынушылардың саны – 29 мыңға жуық.
«Бүгінде жылу тарататын кәсіпорындағы мазут қоры – 4377,5 тонна. Жоспар бойынша 1 жылыту маусымына 4 727,5 тонна отын қажет. «Petrosun» ЖШС 350 тонна отынды қалаға жеткізіп береді. Серіктестікпен екіжақты келісім-шартқа қол қойылды», – деді Дархан Қарағонысов.
Сондай-ақ бөлім басшысы қаладағы көмір қоры туралы сөз қозғады. Осы маусымға 29 000 тонна қатты отын керек. Облыс орталығында 3 көмір тұйығы бар, бүгінде олардың жалпы қоры – 3 758 тонна.
- С. Сейфуллин көшесіндегі №58 көмір тұйығында – «Қаражыра» сұрыпты көмірі (1748 тонна) 16 000 теңгеге саудаланып жатыр;
- Индустриальная к. №9 көмір тұйығы – «Шұбаркөл» көмірі 15 500 теңге;
- Заречное ауылында – «Шұбаркөл» көмірі (2010 т.) 14 550 тг.