«Бүгін ТЖ министрлігінен алғашқы бюджеттік өтінім келіп түсті. Осы өтінім бойынша Үкімет резервінен 2,3 млрд теңге бөлінеді», – деді Қуантыров.
Ол бұл қаражат 91 тұрғын үйдің құрылысына бағытталатынын атап өтті. Атап айтқанда, әрбір үйге 25 млн теңге жұмсалады.
«Бұл үйлер аудан орталықтарында салынады. Әр үйге 10 сотық жер бөлінеді, үйлердің ауданы 100 шаршы метр болады. Ал өртенген үйлер ауданы жағынан әлдеқайда аз – шамамен 50-60 шаршы метр», – деді Ұлттық экономика министрі.
Сондай-ақ Қуантыров барлық үйлер газбен, сумен, жарықпен қамтамасыз етіліп, оларға жолдар тартылады деп сендірді. Министр қазірдің өзінде 70-тен астам отбасы жаңа үйлер салуға келісім бергенін атап өтті.
«Бұл мәселені шешуге қатысты үш түрлі ұсыныс бар. Үй салу, не өртеніп кеткен үйдің бағалау құны бойынша төленетін өтемақы немесе үшіншісі залал келтірілмеген сол ауылдағы екінші нарықтағы тұрғын үйді сатып алу. Бірақ өрттен зардап шеккендердің көбі үйдің құрылысына келісім береді. Қазіргі таңда бәрі бірдей өтініш бермегендіктен, шешілмеген сұрақтар бар. Ал жоба қысқа мерзімде, алдағы айларда салынатын 91 үйге арналған», – деді Қуантыров.