Министрдің айтуынша, Шеңгелдідегі пияз массивінің потенциалы жоғары. Бірақ оны шаруалар 100% қолдана алмай отыр.
«Былтыр Қазақстанда 1 млн 200 мың тонна пияз өңделсе, оның 1 млн тонна өнімі Жамбыл облысына тиесілі. Шеңгелдіде жерді тамшылап суару әдісін қолданып, пияз өнімін арттыруға мүмкіндік бар. Бүгін облыс басшылығымен тиімді игерілмей жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтарып, пияз, одан да басқа көкөністерді өндіру көлемін ұлғайту мәселесі талқыланды», – деді тілшілерге берген сұхбатында министр.
Ербол Қарашөкеевтің сөзінше, пияз өнімін арттырудан бөлек, облыста көкөніс сақтайтын қоймаларды салу мәселесі де қолға алынуы тиіс. Ол үшін мемлекеттен қолдау көрсетіледі.
Сонымен қатар министр облыста неліктен көкөністің бағасы өсіп кеткенін түсіндірді.
«Соңғы бес жылдың динамикасына қарасақ, жылдың басында көкөністердің бағасы артып жатыр. Биыл бағаның шарықтауына Пәкістан мен Өзбекстандағы болған жағдай әсер етті. Шетелден сұраныс өскенде ішкі нарықтағы бағаға әсер етіп, қысым түседі. Оның бір ғана шешімі бар – көкөніс алу көлемін арттыру. Биыл еліміз бойынша пиязды экспортқа шығармау туралы қабылданған шешімнің себебі – пияз бағасын тұрақты ұстап тұру болды. Бұл мәселе әлі де министрліктің бақылауында», – деді министр.