Шараға аудан әкімі Қайдар Әбдіханов, аудандық мәслихат хатшысы М. Алибеков, Республикалық «Айбын Тәжік-Ауған шекарасы ардагерлерінің одағы» аймақтық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Е. Нұрғалиев, Қарабахтағы соғысқа қатысқан жауынгер Ә. Елеусізов, генерал-майор М. Мажитов қатысты.
Жиында бас қосқан қонақтар белгітасқа гүл шоқтарын қойды. Басқосудың соңы Мәдениет үйіндегі мерекелік концертке ұласты.
«Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсап өткен Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері еліміз талай-талай асқарлы асуларды бағындырды. Өтпелі кезең ауыртпалықтарын бастан өткізіп, оңай тимеген экономикалық, саяси реформалар жүзеге асырылды. Республикамызды бүгін әлем жұртшылығы нарықтық экономикалы-демократиялық ел ретінде біледі», – деді аудан басшысы.
Қайдар Әбдіхановтың айтуынша, елімізде халықтар достығы жақсы сақталып келеді. Ел бірлігін сақтауда татулықтың үлкен байлық екендігін бүгінде Қазақстан халықтарының барлығы айқын сезінеді.
«Сіздерді «Республика күні» ұлттық мерекесімен құттықтаймын! Біз тәуелсіз, еркін, гүлденген елде өмір сүріп жатырмыз. Баршаңызға зор денсаулық, бейбіт өмір, ырыс пен ынтымақ, бақ-береке тілеймін!», – деді Талғар ауданының әкімі.
Концертте ауданның дамуына үлес қосқан бірқатар мамандар марапатталды.
Ауқымды ән кешінде Талғар ауданының өнерпаздары, «Әжелер шуағы» ансамблі мен «Ардагерлер хоры», әнші Райым Уайыс өнер көрсетті.