Жалпы, «Западная» шахтасынан 610 метр тереңдікте үш кенші табылған. Олардың бірінен тіршілік белгілері байқалмапты. Ал қалған екеуі тірі. Бірінің жағдайы ауыр. Ресми деректерге сүйенсек, шахтаның жұмыс жасамай тұрғанына бір жыл болған. Желдету жүйесі және басқа да инженерлік байланыстар өшірілген.
Сәйкесінше, шахтаның төменгі тұсы жер асты суларына толып қалған. Заңсыз кеншілікпен айналысқандар алтын қазып алу үшін жарылғыш заттар пайдаланған.
«Бестөбедегі шахталардың 1 жылдан астам уақыт жұмыс істемей тұрғанына компанияның еш қатысы жоқ. Шахталар жер асты суларына тола бастағаны да ешкімнен жасырын емес. Сонда да адамдар бастарын бәйгеге тігіп, заңсыз жолмен пайда тапқысы келеді. Халыққа бұл істің қауіпті екенін түсіндірдік те, айттық та. Көріп отырғандарыңыздай, құлаққа ілер адам болмаған», – дейді «Казахалтын» ЖШС бас директоры Рүстем Қаракесов.
Кеншілер шахтаны жарғанда, тас көшіп кеткен. Олар құлаған шахтаның астында қалған. Бұл кезде тағы бір кенші сыртта тамақ дайындап жатқан. Жарылысты ести сала жүгіріп келген. Біреуін үйіндінің астынан шығарып үлгерген. Ал екіншісі оқиға болған жерде тіл тартпай кеткен. Қаза тапқандар мен жараланғандар Ақмола облысы Заводской ауылының тұрғындары, үшіншісі Ақмола облысы Новый Қарабұлақ ауылының тұрғыны. Олардың ешқайсысы Бестөбе кенішінің жұмысшысы емес. Үшеуі де осыған дейін күзетілетін объектілерге заңсыз кіргені үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Оқиға орнында Әкімшілік кодекстің 506-бабы (күзетілетін жерге заңсыз кіру) бойынша хаттама толтырылды. Қазіргі таңда сот-медициналық зерттеуінің нәтижесін күтіп отырмыз. Бұл нәтиже келгенде кеншінің нақты неден қайтыс болғаны анықталады», – деді Ақмола облысының ПД ресми өкілі Әсел Әбдрахманова.
Айта кетейік, ұсталған азамат барлығының алтын кенін заңсыз өндірумен айналысатынын мойындады. Марқұмның артында кәмелетке толмаған екі баласы қалды.