Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі телерадио хабарларын тарату объектілерін терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты әзірледі.
Нұсқаулыққа сәйкес, радио және телеарна қызметкерлері жыл сайын арнайы дайындықтан өтеді. Оларға жарылғыш заттарды қалай анықтауға болатындығы, жарылғыш қойылғандығы жөнінде хабарлама алған жағдайда не істеу керек және жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қауіпсіздікті қалай қамтамасыз ету керектігі айтылады.
Сабақ дәріс беру, нұсқаулықтар және жаттығулар түрінде өткізіледі. Мұндай оқытуды ұйымдастыру кезінде телерадиокомпаниялардың басшылығы терроризмге қарсы комиссиямен өзара бірлесіп жұмыс істейді. Олар террористік шабуылдардың неғұрлым ықтимал сценарийлерін анықтауға көмектеседі.