Президент Астана бас қала деген атауға лайық болуға тиіс деп қадап айтты.
«Астана көркейсе, бүкіл еліміздің еңсесі биік болады. Астана Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі өзгерістерге ұйытқы болуы керек. Жалпы, қаланың күнделікті тыныс-тіршілігі ұдайы назарда болуға тиіс. Әкімге қаланың ахуалын жақсы жағына қарай өзгерту үшін бір жыл уақыт беремін. Сіздің жұмысыңыз менің бақылауымда болады. Барлық қажетті көмекті көрсетеміз. Бірақ жұмыстың негізгі өзегі – сіздің қолыңызда. Табыс тілеймін», — деді Президент.
Оның айтуынша, «Елорданы дамытуға қатысты барлық мәселелер кешенді және дәйекті түрде шешілуі керек».
«Осы мақсатта «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» заңға тиісті түзетулер енгізу кезек күттірмейтін мәселе. Әкімдіктің өкілеттігі мен жауапкершілігін заңнамалық тұрғыдан күшейткен жөн. Мұндай тұрақты даму үшін Астана сияқты үлкен шаһарды тиімді және сапалы басқару қажет. Жалпы, елорданы дамыту үшін ең алдымен әкімдік, кәсіпкерлер мен қала тұрғындары арасында сенімді серіктестік орнату қажет. Оны анық түсіну керек. Басты міндет – барлық азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.