Ол медицина саласында 43 жылдық еңбек жолымен көпке үлгі. Қазір Алматы облысы Іле аудандық орталық ауруханасында дәрігер-статист ретінде абыройлы қызмет атқаруда. Жоғары санатты дәрігер, 1982 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын тәмамдап, Республикалық стоматологиялық емханада интернатурадан өткен. Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт бойы отандық медицинаның дамуына үлесін қосып келеді.
Людмила Александровна Алтай өңірінде дүниеге келген. Бұл өлке — тарихқа бай, өнеркәсіптік маңызы зор аймақ. XIX ғасырда Алтай күміс өндіруден Ресейде бірінші, мыс бойынша екінші, алтын өндіруден үшінші орынға ие болған. Кеңес дәуірінде ата-анасы Қазақстанға қоныс аударып, әкесі ұзақ жылдар энергетика саласында еңбек еткен.
«Мен де академик Константин Иванович Скрябин айтқандай, адам өз мамандығын сүйіп, қоғамға пайдалы болуға тырысқанда ғана шынайы бақытты болады деп есептеймін. Дәрігер болу — оңай емес, бірақ бұл мамандықты таңдаған жастарды көріп қуанамын. Біздің отбасымызда мен ең алғашқы болып осы қадірлі мамандықты таңдадым», — дейді Людмила Александровна.
Оның ұлы Роман — музыкант. П. И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің, одан кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі. Бүгінде ол әйгілі «Княжичи» ерлер хорының солисі. Хор репертуарында заманауи музыкалармен қатар, казак халық әндері мен қазақтың ұлттық шығармалары бар.
«Біздің ұжымда әртүрлі ұлт өкілдері тату-тәтті еңбек етіп, өз мәдениетін құрметтейді, балаларына үйретеді. Қазақстанда ұлтқа, нәсілге, дінге бөліну жоқ — бұл нағыз достық пен келісімнің үлгісі. Мен және менің отбасым осы елде өзімізді жайлы сезінеміз. Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын! Бұл — маңызды мереке. Сіздерге денсаулық, амандық және өсіп-өркендеу тілеймін!», — деп жүрекжарды тілегін жеткізді ардагер-дәрігер.