Синоптиктердің алдын ала мәліметіне сәйкес, маусым айында Қазақстанның көп бөлігінде ауа температурасы климаттық норма деңгейінде болады. Солтүстік және орталық өңірлерде орташа температура 17–20 градус, батыста – 23–25 градус шамасында сақталады. Ал оңтүстік пен оңтүстік-батыс аймақтарда күн қатты ысып, жазық өңірлерде 24–28 градусқа, кей жерлерде 45 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.
Жауын-шашын көлемі де аймақтарға байланысты әртүрлі болмақ. Батыс пен солтүстік-шығыста жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде болжанса, өзге өңірлерде негізінен нормадан төмен болады деп күтіледі.
Шілде айында температура көбіне қалыпты деңгейде сақталады. Тек шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде 1 градусқа жоғары болуы мүмкін. Жауын-шашын көпжылдық көрсеткіштер аясында күтіледі, дегенмен еліміздің кейбір бөліктерінде – әсіресе солтүстік-батыс, солтүстік, оңтүстік және оңтүстік-шығыста – нормадан артық болуы ықтимал.
Ал тамыз және қыркүйек айларында жауын-шашын аз түсіп, ауа температурасы көптеген өңірде климаттық нормадан 1 градусқа жоғары болады.
Министр бұл болжам алдын ала жасалғанын және алдағы уақытта нақтыланып, толықтырылатынын атап өтті.