Облыс әкімдігінің мәліметінше, Меркі ауданының Меркі ауылында зілзаланың күші 5 баллға, Т. Рысқұлов ауданының Құлан ауылында 4 баллға жеткен. Ал Тараз және Шу қалаларында, сондай-ақ Қордай мен Мойынқұм аудандарында 2 баллдық дүмпу сезілген.
«Алдын ала мәліметке сәйкес, Т. Рысқұлов ауданы Қарақыстақ ауылындағы мәдениет үйі, Меркі аудандық ауруханасы және Ойтал ауылындағы мектеп ғимаратының қабырғаларында жарықтар пайда болған. Қазіргі таңда өзге нысандар бойынша нақтылау жұмыстары жүргізілуде»,— делінген ресми хабарламада.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен жедел штаб құрылып, өңірдегі барлық тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Әзірге зардап шеккендер туралы ақпарат тіркелмеген.
Жер сілкінісінен кейінгі ахуалды көзбен көру мақсатында облыс әкімі Т. Рысқұлов және Меркі аудандарына барып, жағдаймен танысты.
Азаматтарға көмек көрсету мақсатында 8 (7262) 51 35 75 нөмірі бойынша «қауырт желі» іске қосылған.