Кеген ауданы негізінен ауыл шаруашылығы саласына маманданған. Сондықтан инвестициялық жобалар да осы саламен тығыз байланысты. Мысалы, қазіргі таңда Тасашы ауылында Алматы облысындағы алғашқы ет комбинаты салынып жатыр. «Кеген мяспром» ЖШС-да тәулігіне 50 ірі қара, 150 ұсақ мал, 10 жылқы сойылады. Жылына 2500 тоннадан астам ет, 330 тоннадан астам шұжық, 70 тоннаға жуық консерві өндірілмек. Мұнда мал бордақылау, мал сойылатын алаңдар, кәріз-тазарту жүйесі, санитарлық аймақ болады. Зауыт биыл желтоқсанда қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр. Жоба жүзеге асса, 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Келесі жүзеге асып жатқан жоба – «Great Steppe Heritage», яғни, Бестөбе су қоймасында форель шаруашылығын құру. Жобаның қуаттылығы жылына 500 тонна форель өсіруге жеткілікті болады деп жоспарланған. Шаруашылықтың жер көлемі де ауқымды – 13 гектар. Бүгінде құрылыстың 90 пайызы аяқталған.
Сондай-ақ Кеген ауданында «Талас» өндірістік кооперативі бар. Бұл кооперативтің жұмысы сүт өндіруге негізделген. Алғашында серіктестік басшылары Чехиядан асыл тұқымды «Сементал» сүтті сиырының 80 басын әкелген. 2022 жылы «Алатау» сүт бағытындағы ірі қара малын алып, сиырдың жалпы санын 164-ке жеткізген. Қазіргі таңда мұнда күніне 400 литр сүт өндіріледі. Жұмыспен қамтылғандардың саны – 15. Ендігі жоспар – сиыр басын 400-ге жеткізіп, сүт өндірісін кеңейту.
Айта кетейік, облыста егістік жерлерінің көлемі 462 мың гектарға жетсе, оның 7%-ы, яғни 30,9 мың гектары Кеген ауданына тиесілі. Оның 65%-ын жем-шөп (20,1 мың га), 26%-ын дәнді дақылдар (8 мың га), 8,1%-ын картоп құрайды (2,5 мың га). Ауданда сыйымдылығы 800тонна болатын 1 көкөніс қоймасы бар. Сонымен қатар мал шаруашылығы дамыған және жылқы саны бойынша аудан облыста 3-ші орынды, қой және ешкі саны бойынша 5-ші орындалады.