Республика көлемінде өткізілген алғашқы Т. Айбергенов оқуларының өтуіне Алматы облысының білім басқармасы мемлекеттік мекемесі және «Жас дарын» орталығы мұрындық болған.
«Т. Айбергенов оқулары бұған дейін Іле ауданында жүйелі түрде өткізілді. Осыны негізге ала отырып, республикалық деңгейде өткізу туралы шешімге келдік. Барлық ақын-жазушыларымыз дәріптеліп жатқанда Т. Айбергенов қалдырған әдеби мұраны жаңғырту ісі кенжелеп қалды, аталмыш олқылықтың орнын толтыру мақсатында оқушылар арасындағы сайысты ұйымдастырдық», — дейді облыстық «Жас дарын» орталығының директоры Диана Онбырбаева.
Өн бойына өлеңнің нәрін сіңіргендер мен әннің құдіретін сезінгендер бас қосқан байқауға еліміздің 10 өңірінен келген 50 оқушы бақ сынады. Соның ішінде, Алматы облысының намысын 10 бірдей жас қорғады.
Додаға қатысушылар 5 бағыт бойынша сайысқа түсті.
Атап айтар болсақ, «Өз ғасырым өзімнің иінімде» бөлімінде жас өрендер Т. Айбергенов өлеңдерін мәнерлеп, жатқа айтудан жарысты. Ал, «Барады кең дүние әнге айналып» бағытында қатысушылар ұстаздарымен бірге ақынның сөзіне жазылған әндерді жанды дауыста шырқады, сонымен қатар, «Жүрегімнің лапылдаған отымен» аталымында Т. Айбергенов ізбасарлары өзара жүлдені сарапқа салды. «Толқиды бір кеудемде кернеген шер» бағытында қаламы ұшталған қатысушылар ой өрнегін бедерлеп, қағазға түсірді. Сондай-ақ, «Шын дос болсаң бір келіп сырласып кет» бөлігінде ақын шығармаларының біріне қол өнер немесе бейнелеу өнері жанрында илюстрация құрады.
Дарынды жастардың талабы мен талантын әділ қазы алқалары бағалады. Сөз өнерінің зергері, алаштың айнасы Мұхтар Шаханов қара сөзден өлең өріп, ақын шығармасын жатқа білген өрендерге төрелік етсе, күміс көмей, жез таңдай әнші Гүлнар Сиқымбаева ән салған өнерпаздарға өз бағасын берді.
Қара қылды қақ жарған қазылардың сұрыптауынан шын жүйріктер ғана оза шапты.
Байқау қорытындысы бойынша әр аталымнан 6 бала жүлделі орындар иеленді.