Оның айтуынша, салынатын зауыт өндіріс көлемін ұлғайту мен технологиялық жаңғыру жолында маңызды белес болмақ. «Жаңа зауыт заманауи автоматтандырылған құю желілерімен жабдықталады.
«Бұл бізге өнім ассортиментін кеңейтуге жол ашады. Атап айтқанда, шырынды сусындар, смузи, премиум санаттағы газдалған сусындар және халық сүйіп тұтынатын “НАҒЫЗ Буратино” өндірісі жолға қойылады. Мұндай қадамдар тұтынушылар сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін де арттырады», – деді ол.
Зауыттың Алматы облысында бой көтеруі де кездейсоқ емес. Бұл өңір тиімді логистикалық орналасуымен, Алматы қаласына жақындығымен, инфрақұрылымының дамығандығымен және білікті кадрлар қорымен ерекшеленеді. Алмат Ахметовтың айтуынша, жобаның табысты жүзеге асуына жергілікті биліктің белсенді қолдауы да әсер еткен.
«Бастапқы кезеңнен-ақ біз жергілікті әкімдіктің жанашырлығын сезіндік. Жер телімін бөлу, инфрақұрылым тарту, келісу рәсімдерін жеңілдету сияқты маңызды мәселелерде нақты қолдау көрсетілді. Әсіресе облыс әкімдігі, Кәсіпкерлік басқармасы және Өңірлік даму орталығының үйлесімді жұмысын ерекше атап өткім келеді. Бұл өңірдің ашықтығын және инвесторларға деген оң көзқарасын көрсетеді», – деді ол.
Сонымен қатар, жаңа өндірісте шамамен 200 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жұмысқа қабылдауда жергілікті мамандарға басымдық берілмек. Компания бұл мақсатта арнайы оқыту және тәжірибеден өткізу бағдарламасын іске қосуға ниетті.
«Адам капиталына инвестиция – орнықты дамудың негізі. Біз үшін білікті маман даярлау – тек зауыт жұмысының тиімділігі ғана емес, болашақтағы кеңею жоспарымыздың да негізі», – дейді Алмат Ахметов.
Жаңа зауыттың іске қосылуы логистика, қаптама, техникалық қызмет көрсету және шикізат жеткізу салаларында мультипликативтік әсер тудырып, экономикалық белсенділікті күшейтеді. Кәсіпорынның өнімдерінің 20 пайызы алғашқы кезеңде Өзбекстан мен Ресейге экспортталады. Болашақта экспорт үлесі ұлғайып, Қазақстанның алкогольсіз сусындар индустриясының дамуына серпін бермек.
Сөз соңында Алмат Ахметов компания Алматы облысын ұзақмерзімді стратегиялық аймақ ретінде қарайтынын, болашақта шикізатты өңдеу және қаптама өнімдерін шығару бағыттарын дамытуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұл өңір экономикасына тың серпін беріп, инвестициялық картадағы орнын күшейтпек.