Алматы облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығының орынбасары Серік Сәрсеновтің айтуынша, жыл басынан бері әйелдерге қатысты 1785 қылмыс жасалған. Оның ішінде:
- адам өлтірудің – 10;
- адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірудің – 3;
- адам денсаулығына орташа зиян келтірудің – 32;
- зорлаудың – 22;
- жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсетудің – 15;
- 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасаудың – 12;
- балаларды азғындық жолға түсірудің (развращение малолетних) – 5 дерегі тіркелген.
Бұдан бөлек, облыста тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты 38 оқиға орын алған. Спикердің сөзіне сүйенсек, өңірде зорлық-зомбылыққа тап болған, өмірлік қиын жағдайларға түскен әйелдерге қолдау көрсету мақсатында 4 орталық қызмет етеді. Оның 1-і 35 орынға арналған. Жыл басынан бері Қонаевтағы орталық көмегіне 45 адам жүгінген, оның ішінде 30 бала бар.
Сонымен қатар брифингке қатысқан облыстық ПД-нің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы Динара Аятбекова елімізде қылмыскерлерге неліктен физикалық, химиялық кастрация қолданылмайтынын түсіндірді.
«Бір адам бір қылмыс түрін бірнеше рет жасайтын деректер кездеседі. Дегенмен, Қазақстан Ата заңға сәйкес, зайырлы әрі демократиялық мемлекет. Сондықтан кастрация жайлы заң шығару бізге тиімсіз», – деді аға инспектор.
Динара Аятбекова биыл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Заңға енгізілген өзгерістер жайлы да айтты.
«Өзгерістерге сәйкес, 1 шілдеден бастап жәбірленушілердің өтінішінсіз әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғауға мүмкіндік аламыз. Яғни, бұған дейін әйелдер күйеуінің ұрып-соққанына, қоқан-лоққысына шыдап, арыз жазбаса, іс қозғалмайтын. Енді хаттама толтыру үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камералары мен DVR жазбалары жеткілікті болады. Бұл да тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою үшін жасалып жатқан әрекет. Енді жәбірленуші мен агрессорға қайта татуласу мүмкіндігі 1 реттен артық берілмейді», – деді Динара Аятбекова.
Аталғандардан басқа, мектептерде құқық бұзушылық деректерінің көп болуына байланысты Алматы облысында әр мектепке ювеналды инспектордан бөлек, учаскелік полицей мен арнайы жедел әрекет ету жасағының мамандарын бекіту жоспарланып отыр. Бір жағынан, өңірде 1 инспектор бірнеше елдімекендегі мектептерді бірдей қамтуға шамасы келмей отыр, мамандар тапшылығы бар.
Жалпы Алматы облысында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің инстаграм парақшасы жұмыс істейді. Онда инспекторлардың телефон нөмірлері көрсетілген. Зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында үнемі рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылады.