Министрлік мәліметінше, биыл бірқатар ірі жолдардың құрылысы басталып, бұған дейін басталған жобалар жалғасын табады. Атап айтқанда, «Қарағанды – Жезқазған», «Ақтөбе – Ұлғайсын», «Атырау – Доссор» бағыттары мен Сарыағаш, Петропавл, Қызылорда және Рудный қалаларының айналма жолдары салынады.
Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 2 мың шақырымнан асатын «Қалбатау – Майқапшағай», «Күрті – Қонаев», «Қызылорда – Жезқазған» және «Ұзынағаш – Отар» бағыттарындағы жолдардың реконструкциясы жалғасады.
Облысаралық және ауданаралық жолдарды орташа жөндеу де ерекше назарда. Бұл бағытта ұзындығы 7 мың шақырым болатын жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Олардың қатарында «Жезқазған – Петропавл», «Мұқыр – Құлсары», «Қандыағаш – Ембі – Ырғыз», «Қостанай – Қарабұтақ», «Өскемен – Шемонаиха», «Өскемен – Рахман кілттері», «Орал – Атырау» секілді ел тұрғындары жиі қолданатын маңызды бағыттар бар.
Бұдан бөлек, жергілікті маңыздағы 4 мың шақырымға жуық жол жөнделеді. Бұл шаралар халықтың күнделікті қатынасын жақсартып, өңірлік инфрақұрылымды дамытуға серпін береді.